
Армиялық халықаралық ойындардың «Сұңқар аңшылығы» конкурсына команданы даярлау жалғасуда. Жаттықтырулар «Мәтібұлақ» полигонында ұйымдастырылған. Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының жарысы Қазақстанда биыл төртінші рет өтеді.
Командаға Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінен даярлық курсынан сәтті өтіп, іріктеу барысында үздік нәтижелер көрсеткен тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары іріктеліп алынды. Қазақстан командасы конкурста қарулануда тұрған «Skylark-1LEX» ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланатын болады.
Қазақстан Қарулы Күштерінде әртүрлі ұшқышсыз ұшу кешендерін дамыту мен қолдануға ерекше назар аударылады. Қазақстан армиясының қарулануында соққы беретін және барлау ұшқышсыз ұшу аппараттары бар. Олар әскерлерді жауынгерлік даярлау барысында, оның ішінде ірі ауқымды оқу-жаттығуларда қолданылады.
Қазіргі заманғы қарулы жанжалдарды талдау ұшқышсыз авиация қарсы тұратын тараптар белсенді қолданатын перспективалы қару-жарақ екенін көрсетті.
Сарапшылардың пікірінше, ұшқышсыз ұшу аппараттары әскерлердің ұтқырлығы мен жауынгерлік мүмкіндіктерін арттырып, қолбасшылыққа әскерлерді анағұрлым ұтымды пайдалану үшін жағдайды жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстан армиясында ҰҰА мамандарын даярлау орталығы жұмыс істейді. Онда оқыту қазіргі заманғы қарулы жанжалдарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады. Мамандар күндіз және түнде әуеден барлау жүргізуде, артиллериядан оқ атуды түзетуде, сондай-ақ қарсыластың анағұрлым маңызды объектілерін зақымдауда кәсіби шеберлігін арттырады.
Осы бағытта ғылыми зерттеулер де жүргізілуде. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті «Шағала» отандық барлау ұшқышсыз ұшу аппаратын жасап шығарды.
Бұл аппарат маршрут бойынша ұшуды орындай отырып, жер бетіндегі объектілер координаталарын анықтай алады және ақпаратты оператор пультіне бере алады. «Шағаланың» ұшу қашықтығы – 30 км дейін, барынша жылдамдығы – 110 км/сағ дейін, ал теңіз деңгейінен барынша ұшу биіктігі – 3 500 м. Ұшқышсыз ұшу аппараты отандық бағдарламалық-аппараттық байланыс арнасымен, сондай-ақ өзінің криптографиялық протоколымен жарақталған.
«Шағала» ҰҰА-ны ұшырып тестілеуден өтті. Жақын арада ол тәжірибелік сынаудан өткізілетін болады.