Қарулы Күштердің Бас штабында мамандық бойынша даярлау қорытындыланды

Қарулы Күштердің Бас штабында мамандық бойынша даярлау қорытындыланды

Қорғаныс министрлігінде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың басшылығымен кеңес өтті. Селекторлық режимде Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, құрылымдық бөлімшелердің бастықтары әскерлердің жауынгерлік даярлық барысы туралы баяндады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінде COVID-19-ға қарсы күрес іс-шараларын іске асыру жалғасуда. Әскери бөлімдер мен мекемелер қажетті қорғану құралдарымен және медициналық мүлікпен қамтамасыз етіліп, эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Вакцинациялау жалғасуда. Бірінші компонетті жеке құрамның 99 %-і, екінші компонентті 92 %-і алды.

Санитариялық-эпидемиологиялық шаралар мен карантиндік талаптардың қатаң сақталуына қарамастан, жазғы оқу кезеңінің есептік аралығында жауынгерлік даярлық іс-шаралары толық көлемде орындалды. Жауынгерлік даярлықтың негізгі міндеттері әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің деңгейін арттыру және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.

5 000-нан астам оқ ату, оның ішінде 1 500-ден астамы түнгі уақытта жүргізілді, әскери қызметшілер 2 000-ға жуық парашютпен секіруді орындады, 40-тан астам далалық шығуды, 13 жаяу жүру маршын, 10-нан астам жауынгерлік үйлестіруді жасады. Әскери ұшқыштар 100-ге жуық ұшу ауысымын, әскери теңізшілер 200-ден астам корабльдік оқу-жаттығуды және теңізге шығуды орындады.

Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов Қорғаныс министрлігі Әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс мамандарын ұшуға және техникалық даярлау сапасын жақсартуға ерекше назар аударатынын еске салды. Жыл сайын әскери қызметшілерді оқытып-үйрету, бөлімшелерді, әскери бөлімдерді үйлестіру нысандары мен әдістері жетілдіріліп отырады. Взводтар мен роталар командирлерінің әдістемелік тұрғыдан біліктілігіне баса назар аударылады.

Бас штаб бастығы өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының назарын жауынгерлік даярлық іс-шараларын жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, атап айтқанда, қаруды және оқ-дәрілерді қолданудың белгіленген қағидаларын, әскери техника мен қару-жарақты пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау керектігіне аударды.

Қарулы Күштерде мамандық бойынша даярлықтан 30 мыңнан астам маман өткенін атап өту қажет. Сапалы білім беру үшін 2 600-ден астам оқу топтары құрылды, тиісті әдістемелік даярлығы бар тәжірибелі нұсқаушылар айқындалды. Тренажерларды пайдаланумен, сондай-ақ оқу-жаттығу полигондарында өткізілетін практикалық сабақтарға баса назар аударылды.