COVID-19: алшақтағы аудандардың тұрғындарына көмекке әскери медицина қызметкерлері бригадасы жіберілуі мүмкін

COVID-19: алшақтағы аудандардың тұрғындарына көмекке әскери медицина қызметкерлері бригадасы жіберілуі мүмкін

Қазақстанда коронавируспен күресуге азаматтық ұйымдармен қатар армия да атсалысады. Бұл үйлесімді жұмыс өзінің нәтижесін беруде.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінде COVID-19-бен күресу бойынша іс-шараларды іске асыру және індеттің жеке құрам арасында таралмауын болдырмау жалғасуда.

Әскери бөлімдер мен мекемелер қажетті қорғаныс құралдарымен және медициналық мүлікпен қамтамасыз етіліп, эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Мамандар індеттің белгілері және науқастармен байланыс анықталған кезде уақтылы әрекет ету үшін жеке құрамның денсаулық жағдайына үнемі мониторинг жүргізеді.

Бүгін эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, өзіңізді және жақындарыңызды осы қауіптен қорғаудың жалғыз жолы – екпе алу. Әлемдік медицина әлі басқа әдістерді ұсынған жоқ және жақын болашақта ұсынуы екіталай.

Қарулы Күштерде жеке құрамның екпе алуы жалғасуда. Екпе алғандардың саны шамамен 100%-ға  жетті: оның 99% бірінші компонетті қабылдағандар болса, екінші компонентті 92%-ға жуық адам алды.

- Талдау көрсеткендей екпе алған әскери қызметшілердің ауруы жеңіл түрде өтеді. Олардың барлығы амбулаторлық ем қабылдауда, - деп түсіндірді ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы полковник Әлбек Манабаев.

Сонымен бірге әскери дәрігерлер азаматтық ұйымдарда қызмет атқаратын әріптестеріне көмекке келуге әзір. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда әскери госпитальдер бөлінді. Елордадағы Бас әскери клиникалық госпиталі шілде айынан бастап коронавируспен сырқаттанғандарды емдеуді бастады.

– Алматы, Талдықорған және Үшаралдағы үш әскери-емдеу мекеме азаматтарды қабылдауға әзір. Аурудың ауыр ағымы бар науқастар келіп түскен жағдайға жансақтау бөлімшелер дайын. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарымен, пульсоксиметрлермен, оттегі концентраторларымен және басқа да жабдықтармен жабдықталған, – деп хабарлады ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы полковник Әлбек Манабаев.

Санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың екі филиалы –  «Астана» мен «Батыста» мамандардың саны артып, олардың құрамына эпидемиологтар, вирусологтар, бактериологтар мен зертханашылар енгізілді.

Аягөз, Талдықорған,  Сарыөзек және Семейдің әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық изолятор жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі стационарлық ПТР-зертхана, сондай-ақ Ақтау мен Семейде ПТР-тестілеуді өткізу мүмкіндігі бар мобильді зертханалық кешендер жұмыс істейді.

Алшақта орналасқан аудандардың тұрғындарына көмек ретінде дәрігерлік-мейіргерлік бригадалар мен Қарулы Күштердің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары қысқа мерзімде жіберілуі мүмкін.