Қазақстаннан «Бейбітшілік жауынгері» халықаралық конкурсына қатысушылар іріктелді

Қазақстаннан «Бейбітшілік жауынгері» халықаралық конкурсына қатысушылар іріктелді

Қарағанды гарнизонындағы «Спасск» оқу-жаттығу полигонында Армиялық халықаралық ойындардың «Бейбітшілік жауынгері» конкурсына қатысу үшін әскери қызметшілерді соңғы іріктеу өтті. Биыл ол Арменияда өтеді.

Іріктеу жарыстары алдымен әскери бөлімдерде, одан кейін өңірлік қолбасшылықтарда және Қарулы Күштер түрлері деңгейінде өткізілді. Құрама командаға кіру құқығы үшін келісімшарт бойынша үздік әскери қызметшілер сайысқа түсті.

Сайыстың соңғы қорытындылары бойынша халықаралық жарыстарға қатысатын алты адам іріктелді.

Команда құрамына кіргендердің бірі – аға сержант Тұрар Төлегенов. Ол Шымкенттегі 10216 әскери бөлімінде қызмет етеді.

– Біз армиялық ойындарға қатысатын үздік үміткерлер қатарында болу үшін көп күш жұмсадық. Әрқайсымыз жеңіске жетуге бел будық, – дейді әскери қызметші.

«Бейбітшілік жауынгері» – армиялық ойындардың ең қызықты,  жан-жақты, әрі күрделі конкурстарының бірі.

– Қатысушылардың дене бітімі жақсы дамыған болуға және штаттық қаруды меңгеріп қана қоймай, сахнада өзін еркін сезінуге тиіс. Біздің команданың бас жүлде үшін күресте барлық мүмкіндігі бар деп ойлаймын, – деп атап өтті сержанттар құрамымен жұмыс басқармасы дайындық бөлімінің бастығы шебер-сержант Павел Шишкин.

Конкурс бес кезеңнен тұрады, онда әскери қызметшілер тек кәсіби шеберлігін ғана емес, сонымен қатар өзінің дарынын, шығармашылық қабілетін, сондай-ақ әскери тарих және гуманитарлық құқық саласындағы білімін көрсете отырып, сайысқа түседі.

Қазақстандық команда «Бейбітшілік жауынгері» халықаралық конкурсында бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Оларға тоқталатын болсақ, 2016 жылы Ресейде әскери қызметшілеріміз жалпыкомандалық үшінші орын, 2017 жылы Беларусь елінде – екінші орын алса, 2018 жылы Арменияда өткен конкурста жеңімпаз атанды.