Еліміздің Қарулы Күштері 140-тан астам лейтенантпен толықты. Бүгін Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын 15-ші мәрте курсанттар тәмамдады.
Аталған рәсімде түлектерді жоғары оқу орнының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков құттықтады. Білім ордасының бастығы жас офицерлерге тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы қызметте табыстар тіледі.
Түлектер болашақ бітірушілерге арнап тілектер мен тәлімгерлік сөздер жазылған капсула қойды.
Онлайн-трансляция арқылы салтанатты рәсімге курсанттардың туыстары мен жақындары қатысты.
Әскери білім ордасын құру мен оны дамыту тарихы ел әскерін реформалаумен және отандық әскери білім беру мен ғылым жүйесін жетілдірумен тығыз байланысты.
Қарулы Күштерді дайындалған, жоғары білікті офицерлерсіз дамыту мүмкін емес. Сондықтан 1995 жылы ел мен Қарулы Күштердің басшылығы азаматтық авиация академиясының жанынан әскери факультет ашу туралы шешім қабылдады, онда жастар «ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алды.
2001 жылғы 15 қазанда ҚР Үкіметінің Қаулысымен әскери факультет қайта ұйымдастырылып, толық әскери жоғарғы оқу орны – Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты құрылды. Институт – радиотехникалық мамандықтар негізінде офицер-инженерлерді даярлайтын Орталық Азиядағы бірінші және қазіргі кездегі жалғыз әскери жоғары оқу орны.
Қазіргі уақытта институтта бес мамандық бойынша офицер-радиоинженерлерді даярлайды. Бұл жерге әскерлерде де, педагогикалық қызметте де үлкен тәжірибесі бар жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы жиналған.
Институттың заманауи оқу-материалдық базасы бар. Оқу материалдары мен зертханалары түрлі радиотехникалық стендтермен, компьютерлік техникамен, үдеткіштермен және тренажер кешендерімен жабдықталған. Курсанттардың әскери техникадағы тәжірибелік сабақтары институттың оқу-жаттығу орталығында өтеді.