
Ақтөбе қаласындағы Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында түлектердің кездесуі салтанатты рәсімде өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық офицер бір кездері өздері түлеп ұшқан оқу ордасында кездесті. Кездесуге курсанттарды тәрбиелеуде елеулі үлес қосқан сол уақыттағы басқару және профессорлық-оқытушылық құрамның ардагерлері мен қызметтегі әскерилер шақырылды.
Іс-шара жеке құрамның салтанатты сап түзеп, екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Талғат Бигелдиновтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Әскери оқу орнының атауы жазылған бедер тақта ашылды. Оны 2001 жылы институтты бітірген түлектер сыйлық ретінде ұсынды.
– Бүгін шараға жиналғандардың бәрі үшін маңызды күн. 2001 жылдың 19 маусымында білім ордасын курсанттардың төртінші ағымы аяқтады. Сол кезеңнен бері әскери оқу орны екі мыңнан астам офицерді дайындады, – деді Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов.
Ол жоғары оқу орнының офицер-түлектері Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында, шекара әскерлерінің авиациялық бөлімдерінде, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бөлімшелеріндегі әскери қызметке барынша сұранысқа ие екенін айтты.
Түлектердің кездесулерін өткізу дәстүрі курсанттарды – Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері офицерлерінің болашақ ізбасарларын тәрбиелеудегі атқаратын рөлі зор.