Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары оқуды бітірді

Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары оқуды бітірді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде 145 офицердің магистратураны бітіру рәсімі салтанатты түрде өтті.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасына сәйкес офицер-магистранттар 10 факультетте және 27 кафедрада оқыды.

Аталмыш рәсімге елдегі Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, Шекара қызметінің директоры, Қырғыз Республикасы Елшілігінің өкілі және Тәжікстан Республикасының әскери атташесі қатысты.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов «Қарулы Күштер Бас штабы академиясы» факультетінің түлектеріне дипломдар табыстады.

– Бүгін Қарулы Күштер қатары Қазақстанның ең беделді әскери оқу орнында білім алып, кәсіби дайындалған офицерлермен толықты. Жалпыұлттық әскери қауіпсіздік жүйесінің іргетасының мықты болуы сапалы әскери білімде. Ұлттық қорғаныс университетінің алдындағы міндеттері – біліктілігі жоғары әскери кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру, – деді Мұрат Бектанов түлектерге арнаған сөзінде.

Айта кету керек, Ұлттық қорғаныс университеті – магистратура және докторантура бағдарламасы негізінде Орта Азия өңіріндегі стратегиялық, жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық буындарға әскери кадрлар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Бұл оқу орнында тек Қорғаныс министрлігінің офицерлері ғана емес, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің өкілдері, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның әскери қызметшілері оқиды.

- Біз Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әскери жоғары оқу орны – Қазақстан Республикасының Әскери білім және ғылым ордасында оқығанымызды мақтан етеміз. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы өзімізді жетілдіру үшін бізге терең білім берді. Біз Отанымызға оралғаннан кейін алған білімді міндетті түрде ел игілігі үшін жұмсайтын боламыз, - деді Тәжікстан Республикасының түлегі подполковник Шоди Бердов.