«Жас ұлан» республикалық мектептерінде аттестаттар беру рәсімдері өтті

«Жас ұлан» республикалық мектептерінде аттестаттар беру рәсімдері өтті

Қазақстанның төрт қаласында: Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкент және Қарағандыда аттестаттар беру рәсімдері өтті. Осы орайда 889 ұланға орта білім туралы аттестаттар берілді.

Нұр-Сұлтандағы «Жас ұлан» мектебін 226 тәрбиеленуші тәмәмдаған. Оқу орнын екі түлек үздік аяқтап, қазіргі таңда Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түсуге дайындалуда.

Алматыда 233 ұланға аттестаттар табыс етілді. Бұл мектеп тарихында бітіріп отырған көп түлектердің бірі. Екі оқушы мектепті ерекше үлгідегі аттестатпен аяқтаса, 144 тәрбиеленуші Қорғаныс министрлігінің әскери-оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Ал қалғандары басқа да күштік құрылымдардың жоғары оқу орындарында білім алғысы келеді.

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент Республикалық «Жас ұлан» білім ордасында 210 ұланға мектепті бітіргені туралы куәлік берілді. Әскери мектепті Рабби Мырзақұл үздік аттестатпен бітірді.

Қарағандыда Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебін 220 түлек бітірді. Оқу барысында олардың көпшілігі республикалық, облыстық және қалалық спорттық жарыстардың жүлдегерлері болды. Жылда олар Республикалық «Айбын» патриоттық жиынына, Республикалық «Сардар» кешенді олимпиадаларына белсене қатысты.

 «Жас ұлан» республикалық мектептері – мемлекеттік тілді, шет тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытатын және күшейтілген дене даярлығы бар, жалпы орта (толық) білім беру бағдарламасын іске асыратын оқу орындары. Аталған мектептердің басты міндеті – оқушының жеке қасиеттерін, оның танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. «Жас ұлан» мектебінің көптеген тәрбиеленушілері – әскери әулеттердің жалғастырушылары, сондықтан оқу орнын бітіргеннен кейін олар ата-аналарының ізімен, әскери мансапты таңдайды.