Қорғаныс ведомствосының құрылымында 26 жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы құрылған болатын.
2015 жылға дейін Қару-жарақты қысқартуды бақылау және инспекциялау қызметін қамтамасыз ету орталығы деп басқаша аталды.
Қазақстан әлемдік аренада өзін ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және жаппай қырып-жою қаруын таратпауды жақтайтын мемлекет ретінде танытты.
Құрылған орталық стратегиялық және әдеттегі қару-жарақты шектеу мен қысқарту, қару-жарақты бақылау, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту шеңберіндегі халықаралық шарттар мен келісімдер аясында Қазақстанның міндеттемелерін орындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді.
Бөлімше сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы шетелдік инспекциялық топтардың қызметін қамтамасыз етумен айналысады, бірқатар халықаралық шарттар мен келісімдерге қатысушы елдер қатарында инспекциялар жүргізеді. Аталған орталық 26 жыл ішінде Қазақстан аумағында жүзден астам, ал шетелде елуден астам инспекциялау жүргізуді қамтамасыз етті.
Халықаралық шарттар мен келісімдер аясында қару-жарақты бақылау ауқымындағы 300-ден астам курс пен семинар ұйымдастырылды.