Әскери инженерлер: бейбіт уақыттағы жауынгерлік міндеттер

Әскери инженерлер: бейбіт уақыттағы жауынгерлік міндеттер

Бүгін Қазақстанның Инженерлік әскерлерінің құрылғанына 29 жыл толып отыр. Бұл кәсіби мамандармен жасақталған, заманауи әскери техникамен және инженерлік қару-жарақ құралдарымен жарақталған құрамалар мен әскери бөлімдер.

Инженерлік әскерлер 1992 жылы республика аумағында орналасқан инженерлік құрамалар мен бөлімдер негізінде құрылды. Бөлімшелердің негізгі міндеттері – бөгеттер жасау, көпірлер орнату, мина алаңдарынан өту жолдарын төсеу, әскерлер үшін қозғалыс бағыттарын дайындау, суды шығару мен тазарту, жарылыс қаупі бар оқ-дәрілерді табу және залалсыздандыру.

Инженерлік әскерлердің жеке құрамы елдегі апаттар мен төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысады. Әскери қызметшілер сел ағындарын оқшаулау бойынша міндеттерді орындайды, орман мен дала өрттерін сөндіруге, адамдарды қар үйінділерінен көшіруге қатысты.

Әскери инженерлерсіз ешқандай оқу-жаттығу өтпейді. Инженерлік әскерлер «Батыс», «Іле», «Өзара іс-қимыл», «Қаратау», «Алдаспан», «Айбалта» мен т.б. стратегиялық және жедел-тактикалық маневрлер кезінде өз шеберліктерін көрсетеді.

Инженерлік әскерлердің дамуы уақытпен қатар жүруде. 2020 жылы 50-ден астам инженерлік және арнайы техника сатып алынды. Алғаш рет инженерлік әскерлерге жарылғыш заттарды заласыздандыру үшін қашықтықтан басқарылатын tEODor робот-сапері, су шығару мен қазіргі заманғы электро-техникалық құралдарға арналған бұрғылау қондырғылары әкелінді. Әскерлерде саперлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өндірістегі 500-ден астам жарылыстан қорғайтын сапер костюмі мен 500 арнайы аяқ киім жиынтығы жеткізілді.

Бүгінгі күні инженерлік әскерлердің жарағында тұрған жеке құрам мен техника қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің дамуы мен өркендеуі үшін қойылған міндеттерді орындауға толық дайын.