Алматыдағы әскери институттың 200-ден астам курсанты кітап оқу клубына қосылды

Алматыдағы әскери институттың 200-ден астам курсанты кітап оқу клубына қосылды

Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында кітап оқу клубы ашылды. Оған 200-ден астам екінші және үшінші курс курсанты өз еркімен қосылды. Жоба оқу мәдениетін дамытуға, дүниетанымды кеңейтуге және болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.

Клуб Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы мен «Оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатында құрылып отыр. Жоба жұмысы блогер әрі кітап оқуды насихаттаушы Данияр Жігітбектің қатысуымен ұйымдастырылды.

Апта сайынғы кездесулер институтта ашық пікірталас форматында өтеді. Талқылау үшін классикалық әдебиет туындылары мен қалың оқырманға қызықты заманауи кітаптарды таңдау жоспарланған. Курсанттар оқыған шығармаларын талдап, өз пікірлерін ортаға салып, жылдам оқу әдістерін меңгереді. Әсіресе патриотизм, жауапкершілік, көшбасшылық және адамгершілік таңдау тақырыптарына ерекше назар аударылады.

Әдеби шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен шешім қабылдау себептерін талқылау клуб мүшелеріне жағдайды әр қырынан қарастыруға, өз көзқарасын дәлелдеуге және әңгімелесушінің пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Болашақ командирлер үшін мұндай дағдылар жеке құраммен жұмыс істеу және салмақты шешімдер қабылдау барысында аса маңызды.

– Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін, әсіресе тарихи шығармалар мен фэнтези жанры қызықтырады. Осы уақытқа дейін елуден астам кітап оқыдым. Атап айтсам, олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» және Бауыржан Момышұлының барлық шығармалары бар.  Сондықтан кітап оқу клубына қуана жазылдым. Институтымызда кәсіби дайындыққа ғана емес, біздің қызығушылықтарымызға да көңіл бөлініп, дүниетанымымызды кеңейтуге және жан-жақты дамуға мүмкіндік беріліп жатқаны қуантады, – деді 3-курс курсанты Мирас Бисембаев.

Жоба ұзақ мерзімге жоспарланған. Тұрақты кездесулер мен әдеби шығармаларды талқылау болашақ офицерлерді даярлау мен тәрбиелеу үдерісінің тұрақты бөлігіне айналады деп жоспарланып отыр. Бұл кәсіби білім берумен қатар, курсанттардың қарым-қатынас мәдениетін және өз бетінше ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.