2020 жылы Арыстың аумағын жаппай тазалау жұмыстарына 800-ден астам әскери қызметші қатысты

2020 жылы Арыстың аумағын жаппай тазалау жұмыстарына  800-ден астам әскери қызметші қатысты

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жарылыстар салдарын жою жұмыстарының барысын тексерді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы қала маңын айналып ұшып аралап, оқ-дәрілерді жою процесінің ұйымдастырылуын тексерді, лауазымды тұлғалардың назарын ең алдымен жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударды.

2020 жыл бойы қоймалардың техникалық аумағынан оқ-дәрілерді жинау, қауіпсіз жерге шығару және жою жүзеге асырылды. Мобильдік топтар Арыс тұрғындарының өтінімдерін жедел пысықтады.

Ауа-райының нашарлауына және топырақтың қатуына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтау үшін оқ-дәрілерді жару арқылы жою жұмыстарын көктемге дейін тоқтата тұруға нұсқау берілді. Сонымен қатар, аумақты тазалау, қалдықтарды жинау, металл сынықтарын сұрыптау жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Жергілікті тұрғындардың өтінімдеріне дереу ден қоюға мобильді топтар ұдайы дайын.

Бұдан өзге, белгісіз заттар табылған жағдайда іс-қимыл тәртібі бойынша халық арасында кең түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі атап өтілді. Ол үшін Арыс қаласында орналасқан бөлімшелердің жеке құрамын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және хабарламалар таратуды іске қосқан жөн.