Армия боксшылары Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары атанды

Армия боксшылары Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары атанды

Шымкентте бокстан ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Орталық спорт клубының спортшылары екі алтын, үш күміс және үш қола медаль еншіледі.

Үздік боксшы атағына еліміздің барлық өңірінен былғары қолғап иелерінің ең мықтылары сайысқа түсті. Ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесінде 20 марапат үшін жұдырықтасты.

Турнир қорытындысы бойынша өз салмақ дәрежелерінде Орталық спорт клубының спортшылары Римма Волосенко (60 кг) мен Әбілхан Аманкүл (75 кг) чемпион атанды. Күміс жүлделер армиялық Теміртас Жүсіповке (49кг), ефрейторлер Сәкен Бибосынов (52 кг) пен Асланбек Шымбергеновке (69кг) бұйырды. Қола медальдерді армия боксшылары Жайна Шекербекова (51кг), Дильмурад Мижитов (63 кг) және Абзал Құттыбеков (91 кг) қанжығасына байлады.

«Біздің жігіттер үздік кәсіби спорттық сапа мен жауынгерлік рухта сайысты. Сайыс барынша тартысты өтті, себебі барлық командалар өздерінің негізгі құрамын шығарды. Жарыстың қорытындылары бойынша ұлттық құрама сапына үздіктер алынып, ел атынан халықаралық аренаға шығатын болады», - деп хабарлады ОСК штаттық команда бастығы аға лейтенант Біржан Жақыпов.