Төрт жүзден астам секіру: Алматы облысында елдің үздік парашютшілері анықталды

Төрт жүзден астам секіру: Алматы облысында елдің үздік парашютшілері анықталды

Алматы облысында классикалық парашют спортынан Қазақстан мен Қарулы күштердің 32-ші чемпионаты мәресіне жетті.

Елдің үздік әскери қызметшілері мен парашютшілерін біріктірген жарыс «Байсерке» оқу-жаттығу аэродромында өтті. Оған 15 ерлер командасы мен 45 спортшы қатысты. Олардың қатарында 39 ер адам, 6 әйел және 2 жасөспірім бар.

Жарыс бағдарламасына 900–1200 метр биіктіктен дәл қонуға секіру, сондай-ақ 2200–2500 метр және 2500–3000 метр биіктіктен жеке және топтық акробатикалық секірулер енгізілді.

Чемпионат барысында барлығы 400-ден астам парашютпен секіру орындалды. Нәтижелерді бағалаудың объективтілігі мен дәлдігіне ерекше мән берілді. Секіру нәтижелерін тіркеу үшін электронды жүйе қолданылды. Ал жеке акробатика жаттығуларын орындау кезінде арнайы оптикалық құралдар пайдаланылды.

– Жарыс бағдарламасы толық орындалды. Авиациялық және басқа да қамтамасыз ету түрлеріне байланысты секірулердің тоқтатылуына жол берілген жоқ. Чемпионаттың барлық кезеңі штаттық режимде өтті, – деді жарыс жетекшісі подполковник Азамат Әбдірайымов.

Чемпионат қорытындысы бойынша жекелеген жаттығуларда ҚР Қарулы күштерінің Парашюттік даярлық орталығының әскери қызметшілері Денис Исламов, Мирас Сейітжапаров және Жақсылық Ерназар жеңімпаз атанды.

Жарысқа қатысушылар спорттық разрядтарға – үшінші разрядтан бірінші разрядқа дейін, сондай-ақ жеке дәлдікпен қону жаттығуы бойынша спорт шеберлігіне кандидат нормативтерін орындады.

Жарыс нәтижелері бойынша парашют спортынан Қазақстан Республикасының және Қарулы күштердің құрама командалары жасақталады. Олар еліміздің намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын болады.