Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының 350-ден астам курсанты Отанға адал болуға ант берді

Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының 350-ден астам курсанты Отанға адал болуға ант берді

28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтына оқуға түскен курсанттардың әскери ант қабылдау салтанаты өтті.

Іс-шараға әскери институт басшылығы, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ курсанттардың ата-аналары мен туысқандары қатысты. 353 курсант Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға және әскери жарғылардың талаптарын бұлжытпай орындауға салтанатты түрде ант берді.

– Бүгін сіздер офицерлік жолды таңдап, болашақ мансаптарыңызға алғаш қадам бастыңыздар. Ант қабылдаумен қатар мойындарыңызға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өз кезегінде біз сіздердің кәсіби әскери маман, елдің сенімді қорғаушысы болуларыңыз үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары генерал-майор Бауыржан Ибатулин.

Салтанатты жиынның сәнін институтың әскери оркестрі орындаған патриоттық әуендер мен Құрмет қарауыл ротасының саптық дефиле қойылымы арттыра түсті. Рәсім аяқталған соң, жақындары жас курсанттарды әскери ант қабылдауларымен құттықтап, оқуда озат, қызметте абыройлы болуларына тілектестік білдірді. Институт қолбасшылығымен өткен кездесуде ата-аналар балаларының тұрғын-жайларымен, оқу барысымен және кәсіби өсу мүмкіндіктерімен танысты.