Астанада жас сарбаздарды ҰҚК-нің Шекара қызметіне шығарып салды

Астанада жас сарбаздарды ҰҚК-нің Шекара қызметіне шығарып салды

«Ел қорғау – ерлердің ісі» акциясы аясында елордадағы «Жастар» сарайында медициналық комиссиядан және психологиялық тестілеуден сәтті өткен 15 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, ардагерлер, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ әскери кафедралардың 700-ден астам студенті мен мектеп оқушылары қатысты.

– Әскер жас азаматтардың мінезін шыңдап, дене төзімділігін арттырады. Сонымен қатар жастарды достыққа, бір-біріне қолдау көрсетуге үйретеді. Жігіттер барлық сынақтан абыроймен өтіп, заманауи техника мен әскери мамандықтарды меңгеретініне сенімдіміз. Ұлдарын туған жерін, отбасын және Отанын қорғауға даяр азамат етіп тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтамын, – деді Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

Іс-шара барысында әскерге шақырылушылар, мектеп оқушылары мен студенттер заманауи қару-жарақ түрлерімен, байланыс құралдарымен және ҰҚК Шекара қызметінің әскери киім үлгілерімен танысты. Қатысушылар алдында қызметтік ит те өз өнерін көрсетті. Кинологтың жетекшілігімен ол әр түрлі иіс үлгілері салынған заттарды тез әрі қателеспей тауып, көпшілікті тәнті етті. Әскерге шақырылушылар үшін Абай облысы Мақаншы ауданындағы Шекара қызметі бөлімшесінде абыроймен әскери борышын өтеген сарбаздармен кездесу де тағылымды болды. Салтанатты шара барысында ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары генерал-майор Төлеужан Жүнісов үш күн бұрын үйлеріне оралған әскери қызметшілерге «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісін табыстады. Жаңа шақырылым Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшесінде әскери борышын өтейді.

– Бүгін шекараны қорғауға бірден екі немерем – Әлтайыр мен Жомартты шығарып салып тұрмын. Олармен мақтанамын. Әскерде шыңдалып, жауапкершілігі артып, нағыз достықтың қадірін түсінеді деп сенемін. Барлық жігіттерге Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, аман-есен үйлеріне оралуын тілеймін, – деді Өмірзақ Жолмағамбетов.

Айта кетейік, биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны барысында еліміз бойынша шамамен 23 мың азамат әскери қызметке шақырылады. Астанадан әскер қатарына 1400 жас аттанады. Оның 190-ы ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өтейді.