
Сарыөзек гарнизонында 12740 әскери бөлімінің танк батальонының жауынгерлік атыстары өтті.
Жауынгерлік даярлық іс-шарасына 60-қа жуық әскери қызметші қатысып, 10-ға жуық әскери техника жұмылдырылды. Т-72 танктерінің экипаждары 1600, 1700 және 1800 метр қашықтықта пайда болған алыс және жақын нысаналарға оқ атты. Сонымен қатар танкшілер танктің штаттық қару-жарағы мен ірі калибрлі пулеметтерден атыс жаттығуларын орындады.
– Жауынгерлік атыстар – тек атыс дәлдігін ғана емес, бүкіл экипаждың өзара іс-қимыл үйлесімділігін де сынайтын маңызды кезең. Әскери қызметшілер қару-жарақты сенімді меңгергенін, жылдам шешім қабылдап, жұмылған жұдырықтай үйлесімді әрекет ете алатынын көрсетті, – деді 12740 әскери бөлімінің командирі полковник Жәнібек Құранбеков.
Негізгі жаттығуларды орындамас бұрын танкшілер теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Олар нормативтерді, қару-жарақты қолдану тәртібін, оқ-дәрілерді тиеуді, сондай-ақ техниканы жорықтық жағдайдан жауынгерлік жағдайға және кері ауыстыру тәртібін пысықтады.
Экипаж құрамындағы басқару мен байланысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Тиісті нәтиже шешімді санаулы секунд ішінде қабылдаған командир, көздеуші және жүргізуші-механиктің үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
Атыс барысында 3-сыныпты сержант Райымбек Қалиахметов, аға сержант Ришат Семятов және 3-сыныпты сержант Санат Бұтабаев ерекше көзге түсті.
Жауынгерлік атыстар танк бөлімшелерінің кәсіби дағдыларын тексеру және жетілдірудің кезекті кезеңіне айналды. Жинақталған тәжірибе әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.