
Елордада Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пункті базасында әскерге шақыру жасындағы жастарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты. Бозбалалар Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылында орналасқан, жарты ғасырдан астам тарихы бар әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау бойынша маңызды міндеттерді атқаратын әскери бөлімде қызмет ететін болады.
– Отан шебін қорғау – үлкен мәртебе әрі зор абырой. Осыған лайықты ұл тәрбиелеп өсірген ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Әскерге шақырылушыларға мықты денсаулық, сенімділік, төзімділік пен әскери істі меңгеруде табыс тілеймін. Бұл қызмет сіздер үшін тұлға ретінде қалыптасу мен жарқын болашақ құру жолындағы маңызды қадам болсын, – деді Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов.
Әскерге шақырылушылардың арасында жергілікті әскери басқару органына өз еркімен келген 19 жасар Берік Иноятов та бар. Ол биыл Астана қаласының Жоғары медициналық колледжін аяқтаған.
– Нағыз азамат өз уақытында әскерде борышын өтеп, Отан алдындағы міндетін орындауы тиіс деп есептеймін. Бұрын шекарадағы қызмет туралы фильмдерді қарайтын едім, ал енді өзім осы атмосфераға еніп, нағыз өмір мектебінен өтіп, өзімді шыңдай түсемін. Мемлекеттік шекараны қорғауға өз үлесімді қоса алатыныма мақтанамын және әскери борышымды абыроймен орындауға тырысамын, – деп өз ойымен бөлісті. Шақырылушы Серікболсын Айнабековтің әжесі әскерге екінші немересін шығарып салып отыр.
– Биыл дәл осы жерден үлкен немерем Диасты Шекара қызметіне шығарып салған едік. Ол қызметін аман-есен өтеп, оралды. Бүгін кезек Серікболсынға келді. Ол да ағасының жолын қуып, шекарада қызмет ететін болады. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Жігіттерімізге шын жүректен мықты денсаулық, төзімділік және сәтті қызмет тілеймін, – деді ол.
Әскери қызметті өткеру кезеңінде сарбаздарға кредиттік демалыстар беріледі. Бұдан бөлек, запасқа шығарылғаннан кейін жауынгерлік даярлықтың үздіктері ҰБТ тапсырмай-ақ елдің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантқа түсе алады. Не болмаса келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндіктері бар.
Биыл Астанадан мерзімді әскери қызметке 1 400 азамат аттанады, олардың 190-ы ҰҚК Шекара қызметіне барады.