
Президент Жарлығына сәйкес Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Оның аясында қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті.
2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін әскерден кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 000-ға жуық ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың ішінде 12 000-нан астам адам – Қарулы күштер, 7 000 – Ұлттық ұлан, 3 000 – ҰҚК Шекара қызметі, 400-ден астам адам – Төтенше жағдайлар министрлігі, 300-ге жуығы – Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтыратын болады.
«Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасының арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматта көрсетіледі. Тұрғылықты жері ауысқан кезде азаматтарды әскери есепке қою, 17 жастағы бозбалаларды тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру мен босатуды ұсыну қызметтері автоматтандырылды. Әскери есепке қатысты барлық мәліметтер азаматтарға eGov порталындағы жеке кабинетінде қолжетімді.
Қорғаныс ведомствосы мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Оның барысында әскери қызметшілер әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және тағы басқалары бар.
Бұдан бөлек, сарбаздар үшін әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.
Осылайша, Қорғаныс министрлігі әскери қызметті ұйымдастыру сапасын арттыруға, цифрлық сервистерді дамытуға және сарбаздардың ата-аналарымен өзара байланысты нығайтуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл ретте қызмет өткеру қауіпсіздігіне, Қарулы күштердің ашықтығына және әскери қызметшілер үшін заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға ерекше назар аударылады.
Мерзімді әскери қызмет – ол елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды элементі. Әскерде шыңдалған сарбаздар мемлекеттің жұмылдыру резервін құрайды. Ал әскери өмірдің өзі олардың бойында темірдей тәртіп пен жауапкершілікті, көшбасшылық қабілет пен ұжымда жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады.