Астанада соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті ақтық сапарға шығарып салды

Астанада соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті ақтық сапарға шығарып салды

Ұлы Отан соғысының қатысушысы, елорданың соңғы майдангері Рзағұл Байкешев 103 жаста дүниеден өтті.
Ардагермен қоштасуға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Зейнұлқабден Табиғат, Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Рүстембек Тәуекелов, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ардагердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Майдангердің отбасына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі атынан көңіл айтуды Астана қаласы Алматы ауданының қорғаныс істері басқармасының бастығы подполковник Серік Қасенов жеткізді.
Іс-шара Құрмет қарауыл ротасы мен Әскери оркестрдің қатысуымен өтті. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу барысында жаназа намазы оқылды.
Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Кеңес әскері құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға, Великолукск шабуыл операциясына, Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алды.
Рзағұл Байкешевтің ерлігі мен батылдығы Отан соғысы ордендерінің I және II дәрежелерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік наградалармен атап өтілді.
Рзағұл Байкешевтің соңғы сапары Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында (бұрынғы Рождественка) өтті. Ардагер осы жерде ұзақ жылдар бойы совхозда экспедитор болып еңбек еткен. Жеңіс сарбазының құрметіне салют командасы қарудан үш дүркін салют атты.
Майдангердің ерлігі мен өнегелі өмір жолы жайлы жарқын естелік тарихта және ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады.