
5 тамыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері подполковник Батыр Тұяқов, майор Медет Махметов, капитан Данияр Баймолдин және капитан Әсем Әбдірайымова кәмелетке толмаған балаға жасалған заңсыз әрекеттің алдын алып, батылдық танытты.
Офицерлер «Атакент» саябағы маңында белгісіз ер адамның балаға шабуыл жасап, оның бетінен жұдырықпен ұрғанына куә болған. Жағдайды жедел бағамдаған әскери қызметшілер еш кідірместен заңға қайшы әрекетті тоқтатты. Олар күдіктіні залалсыздандырып, полиция қызметкерлері келгенге дейін ұстап тұрды. Ал капитан Әсем Әбдірайымова бірден 102 нөміріне хабарласып, полиция жасағын шақырды.
Құқық қорғау органдары оқиға орнына келгеннен кейін ұсталған азамат одан әрі тергеу жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Әскери қызметшілердің үйлесімді, батыл әрі сауатты әрекетінің арқасында қауіпті жағдайдың ушығуына жол берілмей, баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді және құқық қорғау органдарына қажетті көмек көрсетілді.
Зардап шеккен баланың ата-анасы Аслан мен Гауһар Құбаевтар офицерлерге ерекше алғыстарын білдірді.
- Ер адам кәмелетке толмаған ұлымызға шабуыл жасап, оны ұрып жіберген кезде жанында басқа да балалар болған. Олардың барлығы қатты қорқып қалды. Бақытымызға қарай, сол маңда жүрген әскери қызметшілер бейжай қалмай, бірден араласты. Олар ер адамды ұстап, полиция шақырып, құқық қорғау органдарына тапсырды.
Подполковник Батыр Тұяқовқа, майор Медет Махметовке, капитан Данияр Баймұлдинге және капитан Әсем Әбдірайымоваға батылдығы, жанашырлығы және көмекке дайын болғаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Олардың шешімді әрекеттерінің арқасында балалар аман қалды.
Осындай азаматтар туралы көпшілік білгенін қалаймыз. Дәл осындай істер шынайы құрметке лайық және нағыз офицер мен өз елінің лайықты азаматы қандай болуы керектігінің жарқын үлгісі, – делінген отбасының алғыс хатында.
Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілері үшін адамдарды қорғау тек қызметтік міндет қана емес, өмірлік ұстаным екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар қызметтен тыс уақытта да офицерлік ар-намысына адал болып, ерлік, жауапкершілік және қиын жағдайға тап болған әрбір адамға қол ұшын созуға әрдайым дайын екенін көрсетті.