
Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Жетісу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Илья Григорьевич Кудинді 99 жасқа толған туған күнімен құттықтады.
Қорғаныс министрінің атынан ардагерге құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табысталып, зор денсаулық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тіленді. Әскери қызметшілер майдангерге көрсеткен ерлігі, қайсарлығы және Отан алдындағы адал қызметі үшін шынайы алғыстарын жеткізді.
Илья Григорьевич құттықтауларды ризашылықпен қабыл алып, соғыс жылдарынан естелік айтты. Ол жасөспірім кезінде туған-туыстарын майданға шығарып салып, ауыр қайғы-қасіретті бастан өткергенін, алайда Жеңіске деген сенімін ешқашан жоғалтпағанын айтты.
– Ең бастысы – бейбітшілікті сақтау. Біз соғыстың зардабын жақсы білеміз. Жас ұрпаққа Отанын сүюді, үлкенді құрметтеуді және еліміздің аспаны әрдайым ашық болуы үшін еңбек етуді тілеймін, – деді ардагер.
Илья Кудин 1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген. 1944 жылдың соңында Талдықорған облысынан әскер қатарына шақырылып, артиллериялық бөлімдерде қызмет атқарды. Нацистік Германия тізе бүккеннен кейін Қиыр Шығысқа жіберіліп, Жапонияға қарсы соғыс қимылдарына қатысты. Майдангер туған жеріне Жеңістен кейін алты жылдан соң ғана оралды.
Бейбіт өмірде Илья Григорьевич ұзақ жылдар механизатор болып еңбек етті. Ол жауынгерлік және еңбек жолындағы елеулі еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Бүгінде ардагер отбасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Оның төрт немересі мен үш шөбересі бар. Ұрпақтары аталарының ерлігі мен еңбек жолын әрдайым мақтан тұтады.