
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Ақмола гарнизоны мен Астана қаласындағы әскери бөлімдерде жұмыс сапарымен болды.
Жұмыс сапары барысында әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігіне, күнделікті қызметтің ұйымдастырылуына, сондай-ақ әскери қызметшілердің қызмет өткеруі мен тұрмыс жағдайына ерекше назар аударылды.
Сапар Ақмола облысының Арнасай ауылындағы әскери қалашықта орналасқан әскери бөлімдерді аралаудан басталды. Генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, күнделікті қызметтік міндеттердің орындалуын тексеріп, мерзімді әскери қызметшілердің қызмет өткеру жағдайымен танысты. Сонымен қатар казармалардың, асхананың, жауынгерлік техника паркі мен оқу-материалдық базаның жай-күйін бағалады.
Бөлім командирлері әскери қалашықтың жағдайы, жауынгерлік даярлықтың ұйымдастырылуы, әскерлер қызметі, диверсияға қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қойылған міндеттердің орындалуы туралы баяндады.
– Жоғары жауынгерлік әзірлікті сақтау жеке құрамды сапалы даярлаусыз, берік әскери тәртіпсіз және әскери қызметшілердің қызмет жағдайына тұрақты қамқорлықсыз мүмкін емес. Бұл міндеттер әрбір командир үшін сөзсіз басымдық болып қалуға тиіс, – деді генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.
Әскери қалашықты аралау қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери инфрақұрылымды одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Одан кейін жұмыс сапары Астана қаласындағы әскери бөлімдер мен мекемелерде жалғасты. Бас штаб бастығы Ақмола өңірлік гарнизонының Әскери полиция басқармасында, сондай-ақ 83205 және 43988 әскери бөлімдерінде болып, қызметтің ұйымдастырылуымен, қару-жарақ пен әскери техниканың, арнайы құралдардың жай-күйімен, ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен және әскери қызметшілердің қызмет өткеру жағдайымен танысты.
Жеке құраммен кездесу барысында Бас штаб бастығы жауынгерлік кезекшілікті атқаруда, қызметтік міндеттерді орындауда және күнделікті тапсырмаларды шешуде жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытқан әскери қызметшілерді атап өтті.
Ынталандыру шарасы ретінде үздік әскери қызметшілерге Бурабай курорттық аймағында орналасқан әскери оңалту орталығына он күндік демалысқа жолдамалар табысталды.
Жұмыс сапарының қорытындысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылық құрамына қызмет тиімділігін арттыру, қару-жарақ пен әскери техниканы сапалы күтіп ұстау, әскери тәртіпті нығайту, жауынгерлік даярлықты жетілдіру және әскери инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар міндеттер жүктеді.