
Алматыда радиоэлектроника, байланыс, ақпараттық қауіпсіздік және автоматтандырылған басқару жүйелері салалары бойынша офицерлер даярлайтын еліміздегі бірегей әскери жоғары оқу орны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына құжат қабылдау басталды.
Жаңа оқу жылында институтқа 280-нен астам курсант қабылдау жоспарланған. Құжаттарды қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады.
Талапкерлер көпсатылы конкурстық іріктеуден өтеді. Іріктеу Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін, психологиялық тестілеуді, медициналық тексеруді, дене даярлығын бағалауды және арнайы тексеруді қамтиды. Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер ҰБТ-ның төрт пәні бойынша кемінде 50 балл жинап, іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өтуі қажет.
Институт заманауи армияда сұранысқа ие «Әскери істегі радиоэлектроника және инжиниринг», «Әскери істегі радиотехника және инжиниринг», «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандықтары бойынша офицерлер даярлайды. Бұл бағыттар бүгінде әскерді басқарудың цифрлық жүйелерін дамыту, қорғалған байланыс арналары мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктері болып отыр.
Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын «Әскери журналистика» және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлескен «Әскери дирижер» мамандықтары бойынша бірегей қосдипломды білім беру бағдарламаларына қабылдау жалғасып жатыр. Бұл мамандықтарға түсушілер үшін шығармашылық емтихандар қарастырылған.
Оқу толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Курсанттар тегін үй-жаймен, тамақпен, медициналық қызметпен және әскери киім-кешекпен толық қамтамасыз етіледі.
Институтты тәмамдаған түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік әскери атағы, ал оқуды үздік аяқтағандарға «аға лейтенант» әскери атағы беріледі. Сондай-ақ барлық жас офицерлерге Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында лауазымға тағайындалуға кепілдік бар.
Биыл Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ширек ғасыр ішінде оқу орны төрт жылдық білім беру жүйесіне көшіп, оқу-материалдық базасын едәуір жаңғыртты, қосдипломды білім беру бағдарламаларын енгізіп, қорғаныс саласының жоғары технологиялық бағыттары үшін мамандар даярлайтын жетекші оқу орындарының біріне айналды.