
Жыл сайын 8 шілдеде атап өтілетін әскери дәрігерлер күніне орай Астанада «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі әскери медицинаның өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасы ұйымдастырды. Конференция Астана медицина университетінде өтіп, оған әскери-медициналық қызметтің басшылығы, ғалымдар, жоғары медициналық оқу орындарының оқытушылары, тәжірибелі дәрігерлер, әскери мамандар мен әскери медицина саласының ардагерлері қатысты.
Конференцияны ашқан Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл әскери медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың мамандыққа адалдығы, жоғары кәсібилігі және әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтаудағы жанқиярлық еңбегі үшін алғыс білдірді.
– Әскери медицинаны дамыту, заманауи технологияларды енгізу, мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру және озық тәжірибе алмасу – әскери-медициналық қызметтің басым бағыттарының бірі болып қала береді, – деді Ержан Смайыл.
Пленарлық отырыс барысында қатысушылар әскери медицинаны дамытудың өзекті мәселелерін кеңінен талқылады. Атап айтқанда, вакуумдық терапияны қолдана отырып мина-жарылыс жарақаттарын емдеу, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жетілдіру, магистральдық қан тамырлары жарақаттарын емдеудің заманауи тәсілдері, әскери қызметшілерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету тәжірибесі, медициналық оңалту, тәрбие және идеологиялық жұмыс, сондай-ақ әскери дәрігерлердің кәсіби дамуы мәселелері қарастырылды.
Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының міндетін уақытша атқарушы медицина қызметінің подполковнигі Дастан Кенжерахмановтың айтуынша, конференцияның басты мақсаты –мамандардың басын қосып тәжірибе алмасуға және әскери-медициналық қызметті дамытудың заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік жасау.
– Осындай ғылыми-практикалық конференциялар кәсіби диалогқа арналған тиімді алаң болып табылады. Білім алмасу, қазіргі заманғы сын-қатерлерді талдау және диагностика мен емдеудің озық әдістерін енгізу әскери-медициналық қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіруге және әскери қызметшілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Дастан Кенжерахманов.
Конференция соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, үздік мамандар марапатталып, жұмыс қорытындыланды. Осындай ғылыми-практикалық шаралар әскери-медициналық қызметтің ғылыми әлеуетін арттыруға, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға және медицина ғылымының заманауи жетістіктерін Қарулы күштердің тәжірибесіне енгізуге ықпал етеді.