Талдықорған әскери госпиталі заманауи медициналық жабдықтармен толықты

Талдықорған әскери госпиталі заманауи медициналық жабдықтармен толықты

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің Жетісу гарнизонына жұмыс сапары аясында Талдықорған қаласындағы әскери госпитальға заманауи медициналық жабдықтар табысталды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл, Жетісу гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Еркін Қожа-Ахмет, әскери-медициналық қызмет өкілдері, госпиталь басшылығы және отандық «L-Group» ЖШС өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрлігінің медициналық мекемесіне төрт өкпені жасанды желдету аппараты мен 50 инфрақызыл термометрі табысталды. Жаңа жабдықтар әскери-медициналық қызметтің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелеріне мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, диагностика мен емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Әскери госпитальға медициналық жабдықтар Жетісу гарнизонының әскери прокуратурасы мен отандық «L-Group» ЖШС-нің бірлескен жұмысының нәтижесінде өтеусіз көмек ретінде табысталды.
Қарулы күштердің Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл әскери-медициналық қызметті дамыту Қорғаныс министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Бүгінде әскери медицина алдында заманауи технологияларды енгізу, емдеу-диагностикалық базаны жетілдіру және медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру міндеті тұр. Табыс етілген жабдықтар медициналық ұйымдарымыздың мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, мыңдаған әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелеріне сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашады, – деді ол.
Әскери госпиталь басшылығы жобаға қатысқан барлық тарапқа алғыс білдіріп, мұндай бастамалар әскери-медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жеке құрамға заманауи медициналық қызмет көрсетуге қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті.