
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Гвардейск гарнизонына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында ол Гвардейск кентіндегі инфрақұрылым нысандарын және «Мәтібұлақ» оқу полигонының стратегиялық командалық-штабтық «Батыл тойтарыс – 2026» оқу-жаттығуына дайындық барысын тексерді.
Бас штаб бастығы жауапты лауазымды тұлғалардың полигонды тактикалық кезеңдер мен оқу-жаттығудың белсенді фазасын өткізуге дайындау мақсатында жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстардың барысы туралы баяндамаларын тыңдады.
Инженерлік және тылдық қамтамасыз ету бөлімдерінің мамандарымен бірлесіп, басқару пункттерін, әскерлерді орналастыру аудандарын, қару-жарақ пен әскери техниканы орналастыру орындарын салу және жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар байланыс жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, тылдық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жеке құрамның, қару-жарақтың, әскери техниканың және оқ-дәрінің есептік көрсеткіштерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өрістетуге қатысты мәселелерді нақтылады.
Бас штаб бастығы бөлімше командирлері мен жеке құрамның практикалық іс-қимылдардың әрбір кезеңі бойынша міндеттерді орындау тәртібін, берілетін пәрмендерді орындау уақытын және белгіленген шептерді қаншалықты меңгергенін тексерді.
Қазіргі уақытта полигонда тактикалық алаңды инженерлік тұрғыдан жабдықтау, взводтың тірек пункттерін нығайту және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс жүйесін құру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқу-жаттығу өтетін ауданға жүргізілген алдын ала тексеру қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары далалық инфрақұрылым нысандарын дайындауды аяқтау, оларды инженерлік тұрғыдан жетілдіру, сондай-ақ байланыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйелерінің әзірлігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарының сақталуы жөнінде нақты тапсырмалар берді.