
2 шілдеде Қазақстанда Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің күні аталып өтеді. РХБ қорғау әскерлерінің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Сол жылы Қорғаныс министрлігінің құрылымында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімі құрылды.
Ал 2020 жылы оның негізінде Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаменті құрылды.
РХБ қорғау әскерлерінің негізгі міндеті – жеке құрам мен әскери техниканы радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптерден қорғау, жауынгерлік міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету, өртегіш-жандырғыш қаруды қолдану, сондай-ақ Қарулы күштердегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
РХБ қорғау бөлімшелері қос мақсаттағы әскерлер ретінде бейбіт уақытта да, соғыс жағдайында да жүктелген міндеттерді орындайды. COVID-19 пандемиясы кезінде әскери қызметшілер қоғамдық орындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарда ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізді. 2024 жылғы су тасқынының салдарын жою барысында Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы ықтимал қауіпті нысандарды залалсыздандыру жұмыстарын жүзеге асырды.
Бүгінде әскерлер заманауи арнайы техникамен, қорғаныс құралдарымен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Жеке құрамның кәсіби даярлығы тұрақты түрде жетілдіріліп, арнайы оқу-жаттығулар өткізіліп, халықаралық әскери ынтымақтастық дамытылуда.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге және ел қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Олар әскерлерді, халықты және ел аумағын заманауи қауіп-қатерлерден қорғау жөніндегі міндеттерді абыроймен орындауда.