
2 шілдеде Қазақстанда Әскери-әуе күштері күні атап өтіледі. Бұл – әскери ұшқыштардың, инженерлердің, авиация саласы мамандарының және еліміздің әуе кеңістігін қорғауды қамтамасыз ететін барлық қызметкерлердің кәсіби мерекесі.
Аталған мереке 1998 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрамында Әскери-әуе күштерінің құрылуына орай белгіленген.
Әскери-әуе күштерінің негізгі міндеті – мемлекеттің әуе кеңістігін қорғау, әуе қарсыласын жою және маңызды бағыттарды, аудандар мен стратегиялық нысандарды әуеден жасалатын соққылардан қорғау.
Өзінің даму жылдарында Әскери-әуе күштері еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кең ауқымды міндеттерді тиімді орындай алатын, жоғары ұтқыр әрі заманауи техникамен жарақтандырылған әскер түріне айналды.
Әскери-әуе күштерінің құрамында Су-30СМ және Су-27 көпфункциялы жойғыш ұшақтары, L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М әскери-көліктік әрі соққы беретін тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ С-295, А-400 және L-410 әскери-көліктік авиация ұшақтары бар.
Әскери-көліктік авиация ұшақтары арнайы міндеттерді орындауда белсенді қолданылады. А-400 ұшағы пайдалануға берілген уақыттан бері 500 тоннадан астам түрлі жүк тасымалдады. Оның ішінде Ауғанстанға жіберілген гуманитарлық көмек те бар. Сонымен қатар БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысқан ұлттық контингенттің жеке құрамын тасымалдау жұмысы да қамтамасыз етілді.
Әскери-әуе күштерінде жауынгерлік даярлық жүйесі қазіргі заманғы талаптар мен қарулы күрес сипатының өзгерістерін ескере отырып, үнемі жетілдіріліп келеді. Әскери қызметшілер жаңартылған бағдарламалар бойынша даярлықтан өтеді. Халықаралық және түрлі әскер түрлерінің қатысуымен өткізілетін оқу-жаттығулар авиациялық бөлімшелердің Қарулы күштердің өзге де әскер түрлерімен өзара іс-қимылын жетілдіруге ықпал етеді.
Әскери ұшқыштардың, инженерлік-техникалық құрамның, тылдық және байланыс қамтамасыз ету мамандарының, сондай-ақ авиациялық бөлімдердің азаматтық құрамының күнделікті қызметі Әскери-әуе күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтауға және Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.