
Астанада Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Джумакеев пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың қатысуымен кеңес өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері қатысты.
Тараптар әскери-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан Қарулы күштерінің құрамында мамандандырылған бөлімше құру мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әкімшілік ғимаратынан қызметтік кабинет бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл шешім ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңеске қатысушылар бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың жүктерін теміржол көлігімен тасымалдауды реттейтін қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл шешім «Көлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданды. Тараптар Қорғаныс министрлігі үшін орындарға алдын ала бронь бөлу тәртібін, сондай-ақ нақты пайдаланылған орындардың ақысын төлеу тетігін айқындайтын қосымша келісім жасасуға келісті.
Қаралған барлық мәселеге қатысты Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қатынастар органдарының басшылығына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімдерін белгіледі. Мұндай қабылданып жатқан шаралар ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, әскери тасымалдар жүйесінің сенімділігін арттыруға және мемлекеттің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайтуға бағытталған.