Әскери медицинаның ардагері «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды

Әскери медицинаның ардагері «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды

Медицина қызметкері күніне орай денсаулық сақтау саласындағы жоғары жетістіктері мен ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери клиникалық госпиталінің дәрігері отставкадағы медицина қызметінің полковнигі Виктор Милютинге Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді.

Виктор Ивановичтің мінсіз дәрігерлік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 55 жылдан асады. Әскери медицинаның ардагеріне төсбелгі мен құрметті атақ куәлігін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова табыс етті.

Саратов медицина институтының әскери-медицина факультетін тәмамдаған ол авиациялық комендатура дәрігерінен бастап Қазақстан Әскери-әуе күштері медицина қызметінің бастығына дейінгі қызмет жолынан өтті. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Африка елдері мен Арабия түбегіндегі мемлекеттерде жауапты міндеттер атқарып, жоғары кәсібилігін, жанқиярлығын және дәрігерлік борышына адалдығын көрсетті.

Оның бастамасымен Қазақстанда бірегей ТБРк-73 вакуумдық барокамерасы пайдалануға берілді. Бұл жабдық ұшу құрамының биіктік сынақтарын жүйелі түрде өткізуге және ұшу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. Виктор Милютин – халықаралық мамандандырылған басылымдарда жарық көрген 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы.

Бүгінде ол ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери клиникалық госпиталіндегі дәрігерлік-ұшу сараптамасы бөлімшесінің барокамера дәрігері ретінде еңбек жолын жалғастырып келеді.

Құрметті атақтың берілуі Виктор Милютиннің көпжылдық адал еңбегіне, әскери медицинаны, медицина ғылымын дамытуға және Қазақстан әскери авиациясының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесіне берілген жоғары баға болды.