Бас штаб бастығы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріндегі жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуын тексерді

Бас штаб бастығы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріндегі жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуын тексерді

 Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің жетекшілігімен инспекциялық топ Қызылорда, Тараз, Шымкент және Арыс гарнизондарындағы әскери бөлімдерде болды.

Әскери бөлімдерде жұмыс тобы инфрақұрылым нысандарының жай-күйін, қару-жарақ пен әскери техниканың жағдайын тексерді. Бөлімшелердегі ахуалды зерделеген орталық аппарат офицерлері әскери бөлімдер қолбасшылығына жауынгерлік даярлықты және күнделікті қызметті ұйымдастыру мәселелері бойынша практикалық көмек көрсетті.

Бас штаб бастығы әскери қызметшілерді оқытудың жаңа жүйесін енгізуге және жас сарбаздардың әскери қызмет жағдайына бейімделуіне ерекше назар аударды. Сарбаздармен кездесу барысында олардың тұрмыс жағдайымен, тамақтандыруды ұйымдастырумен, жауынгерлік даярлық сабақтарының өту барысымен және жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалымен танысты.

Түркістан қаласында генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров облыс әкімінің орынбасары Зұлфұхар Жолдасовпен кездесті. Кездесу барысында әскери-оқытылған резервті даярлау, аумақтық әскерлер инфрақұрылымын дамыту және олардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Бас штаб бастығы 99210 әскери бөлімінде, Қорғаныс істері жөніндегі департаментте және облыстық аумақтық қорғаныс бригадасында болды. Жауапты тұлғалар генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровке қазіргі ахуал, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, бөлімшелерді жасақтау және жұмылдыру даярлығын ұйымдастыру жөнінде баяндады.

Бұдан бөлек, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары дағдарыстық жағдайларға ден қою бойынша өткізілген «Бекет-2026» кешенді ведомствоаралық оқу-жаттығуының барысын тексерді. Жаттығу қорытындысы бойынша қатысушылардың іс-қимылдары мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл деңгейіне оң баға берілді.

Жұмыс сапарының қорытындысын шығарған генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын одан әрі арттыру, әскери қызметшілерді даярлау жүйесін жетілдіру және жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайту жөніндегі басым міндеттерді айқындады.