Қарағанды облысында Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің Battle of Bars жарысы аяқталды

Қарағанды облысында Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің Battle of Bars жарысы аяқталды

 

«Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу орталығының полигонында Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің Battle of Bars жарысы өтті. Үздіктерді анықтау үшін сегіз команда бақ сынасты.

  Жарыс бағдарламасы нақты жауынгерлік міндеттер мен әртүрлі жедел жағдайларды модельдейтін 12 кезеңнен тұрды. Әскери қызметшілер штаттық қарудан біліктілік ату жаттығуларын орындап, тапсырма орындалатын ауданға десантталды. Қашықтығы 30 шақырымдық марш барысында олар байланыс ұйымдастыру, алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелерін пысықтап, таулы учаскелерден, су кедергілерінен және миналанған жерлерден өтті.

  Жекелеген сынақтар бөлімше құрамындағы іс-қимылдарға арналды. Қатысушылар «Түнгі тазарту», «Квест» және «Шабуылдағы топ» кезеңдерінде жоғары үйлесімділік пен тактикалық дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар марш-жүгіру кезінде «Қарсыластан озып кету» жаттығуын орындады.

Турнирдің ерекшелігі – мерзімді әскери қызметшілер командасының қатысуы болды. Әрбір кезең сарбаздардан жоғары деңгейдегі шоғырлануды, төзімділікті және бар күш-жігерін жұмсауды талап етті. Жас жауынгерлер тәжірибелі әскери қызметшілермен тең дәрежеде барлық сынақтан сүрінбей өтіп, өздерінің жоғары дайындық деңгейі мен мықты ынтасын дәлелдеді.

– Бұл жарыс өз мүмкіндіктерімізді сынауға, мықты тәжірибе жинауға және нағыз команданың бір бөлігі екенімізді сезінуге мүмкіндік берді. Кезеңдер оңай болған жоқ, алайда дәл осындай сынақтар адамды шыңдап, өзіне деген сенімділігін арттырады, – деді қатардағы жауынгер Бірлік Берікұлы.

  Төрешілер барлық команда жоғары кәсіби даярлықты, дене төзімділігін және үйлесімді іс-қимылды көрсеткенін атап өтті. Мұндай жарыстар жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін арттырып, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын нығайтуға ықпал етеді.