Қорғаныс министрлігі әскери жоғары оқу орнының курсанты ТМД-ның үздік студенті атанды

Қорғаныс министрлігі әскери жоғары оқу орнының курсанты ТМД-ның үздік студенті атанды

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Даниял Құрманқұлов «ТМД-ның үздік студенті – 2026» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды.
Байқау қорытындысы бойынша ғылыми жұмысының жоғары деңгейі, белсенді қоғамдық қызметі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін жас зерттеуші I дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қазылар алқасы оның күштік құрылымдар үшін байланыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және террористік қауіптердің алдын алу саласындағы ғылыми әзірлемесін жоғары бағалады. Қазақстандық курсант байланыс сигналдарын басатын көпфункционалды «ақылды» құрылғы жобасын әзірледі.
Әзірлеменің басты артықшылығы - таңдамалылығы. Құрылғы «хирургиялық пышақ» сияқты жұмыс істейді: ол қарсыластың сигналдарын (Wi-Fi, спутниктік байланыс, ұялы байланыс, дрондардың радиожиіліктері) нүктелі түрде бұғаттайды, алайда арнайы қызметтер мен әскерилер үшін қорғалған өзінің байланыс «дәлізін» сақтап қалады.
Зерттеу қазіргі жағдайдағы аса маңызды нысандарды қорғау және қауіпсіздік технологияларын жетілдіру мәселелеріне арналған. Құрылғы тек дрондардың жұмысын тоқтатып қана қоймай, олардың орнын анықтайтын локаторларға жалған координаттар жібереді. Сонымен қатар, ол 2GIS платформасының жұмысына әсер етіп, нысанның нақты орнын ауыстырып, 2,5–3 шақырым радиустағы жалған координаттарды көрсетеді.
– Үлкен теракт немесе арнайы операцияны елестетіп көріңіз. Құқық қорғау органдары құрылғыны іске қосады. Оның әсер ету аймағында ешбір террорист телефон қоңырауы арқылы жарылғыш затты іске қоса алмайды, ал қарсылас дрон басқарудан айырылып, құлап қалады. Ал командирлер, полицейлер мен дәрігерлер рация арқылы кедергісіз байланысып, адамдарды құтқару жұмыстарын үйлестіре алады, – деп бөлісті Д. Құрманқұлов.
Технология құпия сызбалармен жабдықталған, 3,5 сағатқа дейін автономды жұмыс істей алатын мобильді немесе стационарлық құрылғы ретінде ұсынылған.
Даниял Құрманқұловтың бұл әзірлемесі Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігіне жол ашып, құпия деректердің ел ішінде сақталуын қамтамасыз етіп, әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін арттырады.
Қазіргі уақытта Даниял ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға арналған интеллектуалды жүйе жасау бойынша жаңа перспективалы жобамен айналысуда. Бұл жүйе әуе кеңістігіндегі бөгде дрондарды ажыратуға мүмкіндік беріп, дрон технологияларын тиімді қолдану аясын арттырады және нысандарды қате сәйкестендіру қаупінен сақтайды.
Даниял Құрманқұлов бұған дейін де республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған, соның ішінде Беларусь елі де бар. Ғылыми-зерттеу және өнертапқыштық қызметке қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының ғылыми-практикалық конференциясы қорытындысы бойынша оған «Үздік өнертапқыш» атағы берілді.