Бүгін – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күні

Бүгін – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күні

1992 жылғы 19 маусымда Қорғаныс министрінің директивасы негізінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылды.
Бұл әскерлер елдің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық орталықтарын, Қарулы күштердің топтарын, маңызды әскери және стратегиялық нысандарды авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларынан қорғауға арналған.
Бөлімшелер заманауи зениттік-зымыран кешендерімен және радиолокациялық станциялармен жабдықталған. Бұл әуе кеңістігін бақылауды және ықтимал қауіптерді анықтауды қамтамасыз етеді.
Әскерлер үшін офицер кадрларды даярлау Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жүзеге асырылады. Әскери қызметшілердің жоғары кәсіби дайындығы халықаралық оқу-жаттығулар барысында бірнеше рет дәлелденді.
Қазірде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін белсенді енгізіп келеді. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, бөлімшелердің өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруге және жауынгерлік міндеттерді орындау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
2025 жылы Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық» халықаралық тактикалық оқу-жаттығуы барысында автоматтандырылған басқару жүйесі алғаш рет сынақтан өткізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. Оқу барысында әуе нысандарын анықтау және жою алгоритмдері пысықталды.
Жоғары жауынгерлік дайындық, әскери қызметшілердің кәсібилігі және заманауи технологияларды енгізу – мемлекет қорғаныс қабілетінің негізгі тіректері. Әуе шекараларын тәулік бойы күзететін әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері ел мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.