
Әскери ант қабылдаудың салтанатты рәсімі Әуе қорғанысы күштерінің 14157 әскери бөлімінің саптық алаңында өтті.
Әскери жиындарға шақырылған 120 әскери міндеттінің 65-і ант қабылдады. Олардың қатарында оқуына, жұмысына немесе басқа себептерге байланысты әскерге бармаған және жоғары оқу орнында әскери кафедрада оқымаған азаматтар бар.
– Әскери ант қабылдау әскери міндеттілердің жауапкершілік сезімін, жауынгерлік рухын және отансүйгіштік қасиетін күшейтеді. Бұл қасиеттер, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы сияқты қазіргі заман талабына сай, жоғары сұранысқа ие әскери мамандықты игеру барысында ерекше маңызға ие, – деді 14157 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмат Хайрушев.
Ант беру рәсімі жоғары деңгейде өтті. Ант қабылдауға әскери міндеттілердің туған-туыстары мен жақындары қатысты. Іс-шараның салтанатты өтуіне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі ерекше үлес қосты.
Ант қабылдағандардың қатарында Байзақ аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Сәтенов те бар.
– Бұл жиындарға қатысып, Әскери ант қабылдау мен үшін үлкен мәртебе. Әр ер азаматтың қасиетті борышы – Отанға адал қызмет ету, – деді ол.
Жиынға қатысушылардың ішінде Жуалы ауданынан шақырылған 38 жастағы электромонтер Абзал Абдалиев те бар. Ол шақырту жасында әртүрлі себептермен әскерде болмағанымен, әрқашан азаматтық борышын өтеуге дайын болғанын айтады.
– Бұрын әскерде болмадым, енді әскери дайындықтан өтіп, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік туып жатыр. Бүгін Әскери ант қабылдағаныма қуаныштымын, – деді ол.
Жиын аяқталғаннан кейін әскери міндеттілер қазіргі заманғы армияның ең өзекті мамандықтарының бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгерген резервтегі дайын маман ретінде үйлеріне оралады.