
Алматыда Армияның орталық спорт клубында армиялық қоян-қолтық ұрыс бойынша Қарулы күштердің чемпионаты өтті.
Жарысқа Қарулы күштердің түрлері, өңірлік қолбасшылықтар мен жоғары әскери оқу орындарының намысын қорғаған 17 команданың құрамындағы 115 спортшы қатысты.
Чемпионаттың ашылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары полковник Еркебұлан Түсіпханов армиялық қоян-қолтық ұрыстың әскери қызметшілерді даярлауда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Армиялық қоян-қолтық ұрыс жауынгердің күш-қуатын арттырып, төзімділігін шыңдайды, өзіне деген сенімділігін нығайтады және кез келген тапсырманы орындауға әзір болуға тәрбиелейді. Қорғаныс пен шабуылдың осы әмбебап тәсілін әрбір әскери қызметші жетік меңгеруі тиіс, – деді ол.
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте 32039 әскери бөлімінің құрамасы топ жарды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің спортшылары күміс жүлдеге ие болса, үшінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы командасы еншіледі.
Жекелей сын нәтижесінде 32039 әскери бөлімінің өкілдері лейтенант Ержан Олжас (70 келіге дейін), майор Вадим Федосеев (75 келіге дейін), сержант Азамат Асылбекұлы (90 келіге дейін) және сержант Еламан Қуатов (90 келіден жоғары) чемпион атанды.
Сондай-ақ Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері лейтенант Айдын Нұридинов (55 келіге дейін), қатардағы жауынгер Қасымбай Мұхит (65 келіге дейін), ефрейтор Дархан Дабылбек (80 келіге дейін) және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық құрамасының спортшысы ефрейтор Досқали Аширов (85 келіге дейін) өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.
«Үздік техника үшін» номинациясы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты Арлан Мейірбекке табысталса, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілі кіші сержант Мадхат Олжабаев иеленді.
Биылғы чемпионат Армиялық қоян-қолтық ұрыс халықаралық федерациясының жаңа ережелеріне сәйкес жаңартылған форматта өткізілді. Жарыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, берік командалық рух пен жеңіске деген ұмтылысын паш етті.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті барлық командаларды қажетті спорттық жабдықтармен толық қамтамасыз етіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты.