
Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің әскери кафедрасында запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламаларын бітіргелі жатқан студенттердің әскери-оқу практикасы жалғасуда.
Әскери кафедра атыс қаруының оқу үлгілерімен, мамандандырылған жаттықтыру кешендерімен, автокөлік және сауытты техникамен, сондай-ақ білім беру процесін нақты ұрысқа барынша жақын жағдайды көрнекілейтін өзге де оқу құралдарымен жабдықталған. Әскери-оқу тәжірибесі кезінде студенттер теориялық білімдерін бекітіп, қызметтік міндеттерді орындауға қажетті сенімді практикалық дағдыларды қалыптастырады.
– Әскери-есептік мамандық алуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл әскери даярланған резервті дайындау жүйесінің сұранысқа ие әрі маңызды екенін көрсетеді. Сабақтарды қызметтік және практикалық тәжірибесі мол кәсіби офицерлер жүргізеді. Біз тәртіпті, сауатты және кәсіби тұрғыдан жақсы даярланған кадрларды тәрбиелеуді мақсат етеміз, – деді әскери кафедра бастығы запастағы вице-адмирал Жандарбек Жанзақов.
Әскери кафедрада заманауи Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қажеттіліктеріне бағдарланған әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлық жүргізіледі. Практикалық сабақтар барысында студенттер тактикалық, атыс, саптық және арнайы даярлық элементтерін пысықтап, ұрысқа барынша жақын келтірілген жағдайда әрекет ету дағдыларын жетілдіреді.
Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша кафедрада запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша білім алып жатқан 440-тан аса студент әскери даярлықты аяқтамақ.