
Қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қазақстан ГАЖ орталығы АҚ-на барып, ұжыммен кездесіп, мекеменің перспективалық даму бағыттарымен танысты.
«Қазақстан ГАЖ Орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Исмағұлов компания қызметінің негізгі нәтижелері, жүзеге асырылып жатқан жобалар және Қарулы күштер мен басқа да мемлекеттік органдардың мүддесін көздейтін орта мерзімді даму жоспарлары туралы баяндады.
Қорғаныс министріне басқару тиімділігін арттыру, процестерді автоматтандыру және қорғаныс ведомствосын жетілдіруге бағытталған заманауи цифрлық әзірлемелер таныстырылды.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов мамандардың жұмыс жағдайымен танысты. Ұжыммен кездесу барысында білікті кадрларды даярлау, цифрлық құзыреттерді дамыту, озық тәжірибелерді зерделеу және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері қаралды.
Ведомство басшысы Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ орталық мамандарына цифрлық технологияларды дамыту және оларды қорғаныс саласына тиімді енгізу бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіруді тапсырды.