
Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің түлектеріне диплом тапсыру сәті салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан дипломатиялық корпусының өкілдері, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің қолбасшылары, өзге де күштік құрылымдардың басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері сондай-ақ түлектердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
– Сіздер кәсіби тұрғыда қалыптасудың тағы бір маңызды кезеңінен өттіңіздер. Меңгерген білімдеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңіз Отанға адал қызмет етуге, елдің қорғаныс қабілетін нығайту және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін жемісті орындауға ықпал етеріне сенімдімін. Сіздерге зор денсаулық, жаңа кәсіби жетістіктер, мансаптық өсу және Отан қорғаушының жоғары миссиясын абыроймен атқаруға тілектеспін, – деді генерал-лейтенант Қ. Әбубәкіров.
Дәстүр бойынша түлектер әскери ұжымның қасиетті нышаны, ар-намыс, ерлік пен даңқтың символы саналатын университеттің Жауынгерлік Туымен қоштасты.
– Екі жылғы қарқынды оқу, сабақтар мен емтихандар артта қалды. Осы уақыт ішінде алған біліміміз бен дағдыларымыз кәсіби құзіреттерімізді едәуір арттырып, қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы заманауи сын-қатерлерге стратегиялық көзқарасымызды кеңейтті. Осы жолда бізге қолдау көрсетіп, кәсіби қалыптасуымызға үлес қосқан барша жанға алғысымды білдіремін, – деді Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшісі, магистрант майор Саян Қөпбосынов.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті – Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буындарына жоғары білікті кадрлар даярлайтын еліміздің жетекші әскери оқу орны. Биыл білім ордасын 161 магистрант тәмамдады. Олардың қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерден: Тәжікстаннан – 10, Қырғызстаннан – 5 түлек болды. Сонымен қатар, Өзбекстан елінің 2 өкілі де оқуды тәмамдады.
– Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына жоғары кәсібилігі, баға жетпес тәжірибесі, қолдауы мен тәлімгерлігі үшін алғыс айтамыз. Біз, шетелдік тыңдаушылар үшін, бұл уақыт Ұлттық қорғаныс университетінде білім алу жаңа құзіреттерді игерудің және практикалық тәжірибе жинақтаудың маңызды кезеңіне айналды. Өзімізбен бірге білім ғана емес, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін кәсіби байланыстарды да алып кетеміз, – деді Өзбекстаннан келген әскери қызметші майор Рустам Якушкин.
Салтанатты шара түлектердің саптық алаң бойымен салтанатты маршпен өтуімен жалғасты. Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері қарумен дефиле көрсетіп, жоғары саптық даярлық пен іс-қимыл үйлесімділігін көрсетті.
Қонақтарға Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойды.