Әскери-техникалық мектептердің төртінші легінде 700-ден астам азамат даярлықтан өтеді

Әскери-техникалық мектептердің төртінші легінде 700-ден астам азамат даярлықтан өтеді

Осы жылдың маусым–шілде айларында Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектептерінде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша курсанттардың төртінші легін оқыту ұйымдастырылып отыр.

Азаматтарды әскери-техникалық мектептерге жіберу жөніндегі іс-шараларды Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті генерал-майор Алмас Исабековтің басшылығымен үйлестірді. Жаңа курсанттар легін қабылдауға мекемелердің дайындығын Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінің бас директоры отставкадағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов тексерді.

– Оқытуға 24 пен 27 жас аралығындағы азаматтар қатысады. Оқу курсы 42 күнге созылады. Осы уақыт ішінде олар әскери істің негіздерін, атыс қаруымен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын, төтенше жағдайлардағы әрекеттерді меңгеріп, тактикалық дайындықтан өтеді, – деп нақтылады ол.

Азаматтарды даярлау Әскери-техникалық мектептің 13 филиалында: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен және Шымкент қалаларында жүргізіледі.

Бұл орталықтарда атқыштар, пулеметшілер, гранатометшілер, мергендер, барлаушылар, саперлер және басқа да мамандар дайындалады. Қарулы күштердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін логистикалық орталық мамандары, автокөлік және бронетехниканы жөндеу мамандары, автоэлектриктер, аккумуляторшылар, газ және электр дәнекерлеушілер, аспаздар мен наубайшылар да даярланады. Сонымен қатар пилоттық жоба аясында ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларын дайындау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Оқу аяқталғаннан кейін курсанттар емтихан тапсырып, әскери-техникалық мамандық бойынша сертификат иесі атанады. Салтанатты түрде әскери ант қабылдап, әскери билет алып, резервке тіркеледі.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, бұл бағдарлама азаматтарды әскери қызметке дайындауға және Қарулы күштердің әскери оқытылған резервін қалыптастыруға бағытталған. Оқу кезеңінде жұмыс берушілер қызметкерлерге жұмыс орнын сақтай отырып, оқу демалысын береді.