
Қазақстан Қарулы Күштерін цифрландыру кадрларды даярлау, инновацияларды енгізу және басқару тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Қорғаныс министрлігінің негізгі жобалары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.
Флагмандық жобалардың бірі – SARBAZ+. Бұл жоба заманауи әскери қызметшінің келбетін қалыптастыруға және қызмет барысында да, оны аяқтағаннан кейін де сұранысқа ие болатын практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Жоба аясында байланыс және телекоммуникация, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағыттары бойынша мамандандырылған сыныптар құрылуда. Әскери қызметшілер үшін техникалық зертханалар мен цифрлық сыныптарды қамтитын заманауи білім беру инфрақұрылымы дамытылуда.
«Бүгінде цифрлық технологиялар тек автоматтандыру құралы ғана емес. Олар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, әскерлерді басқару тиімділігін арттырудың, кадрларды даярлау сапасын жақсартудың және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды тетігіне айналды», – деп атап өтті Дархан Ахмедиев.
Әскери қызметшілер TechOrda бағдарламасы аясында жасанды интеллект, деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бағыттары бойынша оқытудан өтіп, кейін халықаралық сертификаттарға ие болады. Жоба отандық IT-компаниялармен және технологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Қорғаныс министрлігі сондай-ақ мемлекеттік органдарды, IT-компанияларды, жоғары оқу орындарын, ғылыми қауымдастықты, стартаптарды және жас әзірлеушілерді біріктіретін Defence Tech бағытын дамытуда. Үздік жобалар пилоттық сынақтан өтіп, Қарулы Күштердің мүддесі үшін енгізілу мүмкіндігіне ие болады.
«Перспективалы шешімдердің бірі – Sarbaz-AI жобасы. Бұл азаматтарды олардың дағдылары мен құзыреттеріне қарай Қарулы күштердің түрлері мен тектеріне зияткерлік негізде бөлуге арналған жүйе. AI Governance Cup ұлттық байқауының қорытындысы бойынша жоба орталық мемлекеттік органдар арасындағы үздік бес шешімнің қатарына енді», – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға қосымша білім алу мүмкіндіктерін ұсынатын Sarbaz 2.0 жобасын іске асыру жалғасуда. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бері іріктеуге 180 мыңнан астам азамат қатысып, 10 мыңнан астам адам білім гранттарына ие болды.
Біртұтас цифрлық білім беру кеңістігінде әскери оқу орындарын біріктіретін Askeri Ziyat платформасында мыңнан астам әскери қызметші оқуды аяқтады. Бүгінде платформада 20-дан астам даярлау бағыты бойынша оқу үдерісі ұйымдастырылған.
Әскери-медициналық саланы цифрландыру бағытында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде 1,5 мыңнан астам медицина қызметкері цифрлық сервистерді пайдаланады, ал әскери қызметшілер мобильді қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады. 2025 жылдан бері цифрлық форматта 15 мыңнан астам әскери қызметшіге қызмет көрсетілді.
Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары да жалғасуда. «Smart военкомат» жобасының арқасында 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы мамырға дейінгі кезеңде Қорғаныс министрлігінің электрондық сервистері арқылы 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Іске асырылып жатқан жобалар әскерлерді басқару тиімділігін арттыруға, отандық технологияларды дамытуға, инновацияларды қолдауға, сондай-ақ жас қазақстандықтардың білім алу және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуде.