Қорғаныс министрі әскери оқу орындарының үздік түлектеріне погондар табыс етті

Қорғаныс министрі әскери оқу орындарының үздік түлектеріне погондар табыс етті

Салтанатты рәсім Мемлекеттік рәміздер күні «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінде өтті.

Іс-шараға күштік құрылымдардың және әскери оқу орындарының басшылық құрамы, Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, түлектердің ата-аналары мен туыстары қатысты.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының үздік түлектері Ернар Әшімханов, Нұрдәулет Мұрат және Арман Оңдасынов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «аға лейтенант» алғашқы әскери атағын алу құрметіне ие болды.

Биылдан бастап еліміздің және шет мемлекеттердің әскери және арнаулы оқу орындарында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанын үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» әскери атағы берілетінін атап өту керек. Сонымен қатар, оларға қызмет орнын өз қалауымен таңдау мүмкіндігі де беріліп отыр.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бірқатар оқу үздіктеріне лейтенант погондарын табыс етті. Олардың қатарында Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі Мирас Алмасұлы, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Олжас Ғапуржан, Дәулет Еркінов, Рамазан Оразбаев және Нұржан Серіков бар.

– Бүгін біз үшін ерекше күн. «Лейтенант» әскери атағын алып, офицерлік өмірге қадам бастық. Өзіме артылған сенімнің салмағын толық сезінемін. Осы сенімді ақтап, ел қорғау жолында адал қызмет етуге, алған білімімді іс жүзінде дәлелдеуге уәде беремін, – деді лейтенант Нұржан Серіков.

Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов түлектерді тарихи сәтпен құттықтап, Отанға адал қызмет етуге тілек білдірді.

– Осындай тарихи әрі маңызды сәттің куәсі болғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл – ұлымның табанды еңбегі мен қажырлы ізденісінің нәтижесі. Баламның жетістігін мақтан тұтамын және оның ел қауіпсіздігі жолында абыройлы қызмет атқаратын білікті офицер боларына сенімдімін, – деді Арман Оңдасыновтың анасы Динара Ибраева.

Сонымен бірге Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің үздік түлектері Даниял Қуанышев пен Жанболат Шайкамалға «сержант» погондарын табыстады.

– Біздің ұлымыз бала күнінен әскери адам болуды армандады. Бүгін ол арманына алғашқы қадамын жасады. Болашақта ол әскери жоғары оқу орнында білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Біз ұлымызды мақтан тұтамыз, – деді Жанболат Шайкамалдың анасы Айгүл Дәуітбаева.

Әскери оқу орындарының түлектері Отанға адал қызмет етіп, әскери антқа берік болып, елдің қауіпсіздігі мен қорғанысын нығайту жолында аянбай тер төгуге уәде берді.