Астанада балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері әскери колледжде қонақта болды

Астанада балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері әскери колледжде қонақта болды

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне ашық есік күні өтті.

Қонақтарды әскери колледж басшылығы қарсы алып, акт залында әскери колледждің қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар кадеттер өз өнерлерін көрсетіп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар да өз кезегінде сахнаға шығып, Отан және сарбаз туралы әндерін тарту етті.

Әрі қарай балалар оқу орнын аралады. Әскери колледждің музейінде болып, спорт залды, жүзу бассейнін, арнайы дайындық сыныптарын, қару-жарақ пен әскери техниканы оқыту кабинеттерін көрді. Бұдан басқа олар атыс тиріне кіріп, қаруды бөлшектеп-құрастыру тәртібімен танысты, арасында қызыққан балалар өздері шашып-құрастырудан машықтанып та көрді.

– Әскери колледждегі ашық есік күні жақсы өтіп жатыр. Балаларға ұнады. Арасында болашақта Отан қорғаушы мамандығын оқығысы келетіндер де бар. Біздің орталықтың балаларына осындай шара өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды айтқым келеді, – деді Балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Арман Сәметов.

Экскурсия барысында тәрбиеленушілер кітапхана мен курсанттардың жатын орнын аралап, болашақ әскери мамандардың күнделікті тұрмысымен танысуға мүмкіндік алды.

– Бүгін менің өмірімдегі ең керемет күн болды. Әскери киімдегі кадеттер ұнады. Музейде осы колледждің аты берілген Сағадат атаның заттарын көрдім, – деді орталықтың тәрбиеленушісі Адия Ғалиева.

Мерекелік дастарханнан дәм татқан балалар тамаша күннен бір белгі болсын деп кадеттермен естелік суретке түсті.  Ашық есік күні келушілерге жарқын әсер қалдырып, әскери қызметтің ерекшеліктерінен мол мәлімет берді.