Алматыда әскери қызметшілер майдангер ардагер Александр Журавлевті құттықтады

Алматыда әскери қызметшілер майдангер ардагер Александр Журавлевті құттықтады

Алматы қаласының Бостандық аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Александр Степанович Журавлевті 101 жасқа толған туған күнімен құттықтады.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы полковник Арман Тұрғанбаев қарт майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстады. Әскери қызметшілер ардагердің денсаулығы мен хал-жағдайын сұрап, соғыстың ауыр сынағынан өткен жандардың ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық екенін атап өтті.

– Отанға адал қызмет етіп, көрсеткен ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз үшін алғыс айтамыз. Бейбіт өмірді қорғап, Жеңіске қол жеткізген аға буынның ерлігін ұмытпай, олардың жарқын есімін ұлықтау – біздің парызымыз, – деді полковник Арман Тұрғанбаев.

Өз кезегінде Александр Степанович қонақтарға соғыс жылдарынан естеліктер айтып, көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.

Александр Журавлев 1925 жылғы 30 мамырда Алтай өлкесіндегі Барнауыл қаласында дүниеге келген. 1943 жылы Новосібір жоғары оқу орнының студенті кезінде Карель майданына шақырылды. Алғашында байланысшы-телефоншы болып қызмет атқарса, кейін артиллериялық бөлімшеде барлаушы болды. Бір жылдан соң Украина жерін азат етуге қатысып, Эльба өзенінен өту операциясына қатысты. Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алды.

Соғыстан кейін Александр Степанович тағы бес жыл Будапешт пен Дағыстанда әскери қызметін жалғастырды. Әскер қатарынан запасқа шыққан соң инженер-құрылысшы мамандығын таңдады.

Александр Журавлев І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Праганы алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Бейбіт кезеңдегі еңбегі де жоғары бағаланып, «Құрмет» орденіне ие болған.