Әскери-теңіз күштерінің кемелерінде әскери қызметшілердің отбасылары үшін Балаларды қорғау күні атап өтілді

Әскери-теңіз күштерінің кемелерінде әскери қызметшілердің отбасылары үшін Балаларды қорғау күні атап өтілді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай әртекті кемелер дивизионының теңізшілері өз отбасыларын әскери-теңіз базасына шақырды. Олар 300-ден астам қонақты сап түзеп қарсы алды.

Мерекелік бағдарлама Әскери-теңіз күштері шығармашылық ұжымының концертімен басталды. Балалар сүйікті кейіпкерлерінің бейнесіндегі аниматорлармен бірге ойындар мен байқауларға қатысып, ән айтып, би биледі. Олардың шат күлкісі мен қуанышы мерекені ерекше көңіл-күйге бөледі.

Мереке аясында «Менің әкем – батыр» атты республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қатысушылардың жұмысы Отан күзетінде тұрған әкелеріне деген сүйіспеншілік пен құрметтің шынайы көрінісіне айналды. Жеңімпаздарға әскери-теңіз базасының командирі 1-дәрежелі капитан Есенғали Байботаевтың атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Балалардың есінде ерекше қалған сәттердің бірі – кемемен теңізге шығу болды. Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторына «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесі мен «Алатау» мина-трал кемесі сапарға шықты. Теңіз серуені барысында балалар қаланың теңіз жақтан көрінетін әсем көрінісін тамашалап, әскери теңізшілер қызметінің ерекшеліктерімен танысты.

– Мен алғаш рет осындай үлкен кемеге мініп, әскери теңізшілермен бірге теңізге шығып тұрмын. Қуанышым мен алған әсерімде шек жоқ. Ата-аналарымызға және мерекені ұйымдастырған барлық азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Бұл күн менің есімде мәңгі сақталады, – деді сурет байқауының жеңімпазы Альтаир Тағайбекұлы.

Кемелер тұрақты орналасқан орынға оралғаннан кейін де мереке өз жалғасын тапты. Балаларға арнайы швед үстелі ұйымдастырылып, түрлі дәмді тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ оларға тәтті сыйлықтар табысталды. Балалар кемелердің аясында естелік суретке түсті.

Іс-шара әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілген қамқорлық пен құрметтің жарқын үлгісіне айналып, балалардың әскери теңізші мамандығы мен теңіз шебін қорғайтын жауынгерлердің қызметі туралы түсінігін кеңейтті.