Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

Армия орталық спорт клубында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған XXIX халықаралық бокс турнирі аяқталды.
Чемпиондық белбеу сынға түскен шаршы алаңда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 130 былғары қолғап шебері бақ сынасты.
         Турнирдің құрметті қонақтары қатарында ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан, Nomad Wrestling ұйымының президенті Мақсат Қиқымов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қанат Ислам болды.
         Жарыстың жабылу рәсімінде турнирге қатысушыларды ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов құттықтады.
– Халықаралық бокс турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтей көрнекті қолбасшыны жадымызда сақтап, еске алуға арналған сайыс. Жекпе-жек барысында сіздер нағыз жауынгерге тән күш-жігерді, төзімділік пен жеңіске деген ерік-жігерді көрсеттіңіздер.  

    Турнир спорттық дәстүрлерді нығайтып, шеберлікті шыңдауға ықпал еткен маңызды шара болды, – деп атап өтті ол.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы 9 алтын, 9 күміс және 17 қола медаль олжалап, бірінші орын еншіледі. Өзбекстан құрамасының қоржынында бір алтын және бір күміс медаль болса, Тәжікстан спортшылары екі қола жүлде, ал Қырғызстан құрамасы бір қола медаль иеленді.
         Сайыстың қорытындысы бойынша АОСК өкілдері Сәкен Бибосынов (55 келіге дейін) пен Бекнұр Батырбек (85 келіге дейін), сондай-ақ еліміздің атынан сынға түскен Ернар Қарап (50 келіге дейін), Асылжан Серікбай (60 келіге дейін), Абзал Серік (65 келіге дейін), Ернұр Сүйінбай (70 келіге дейін), Еркебұлан Шайкенов (75 келіге дейін), Нұрқанат Райыс (80 келіге дейін) және Думан Нұржан (90 келіге дейін) чемпион атанды. Ал 90 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Мадияр Сайдрахимов жеңіске жетті. Турнир шаршы алаң шеберлеріне қарсыластарының техникасын бағалап, тактикалық дайындық деңгейін арттыруға және спорттық рухты нығайтуға мүмкіндік берді. Аталмыш шара қазақ халқының дара перзенті Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін ұлықтауға, спортты насихаттауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.