Арман Әбеуов Халықаралық дзюдо федерациясының Әскери комиссиясының басшысы болып тағайындалды

Арман Әбеуов Халықаралық дзюдо федерациясының Әскери комиссиясының басшысы болып тағайындалды

Арман Әбеуов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Әскери және полиция комиссиясы аясында жұмыс істейтін Әскери комиссиясының басшысы қызметіне тағайындалды.

Бұл тағайындау оның кәсіби тәжірибесі мен спортты, әскери-патриоттық тәрбиені және дзюдо саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Халықаралық дзюдо федерациясының Әскери комиссиясы әртүрлі мемлекеттердің қарулы күштері мен құқық қорғау құрылымдарында дзюдоны дамыту және насихаттау бағытында маңызды рөл атқарады. Комиссия қызметінің негізгі бағыттары – тәртіпті нығайту, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, дене дайындығын жетілдіру, сондай-ақ құрмет, батылдық және қоғамға қызмет ету құндылықтарын дәріптеу.

Қазіргі таңда Арман Әбеуов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы қызметін атқарады. Оның жетекшілігімен Қарулы күштерде дене шынықтыру мен спортты дамыту, әскери қызметші-спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау, сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан өкілінің осындай жауапты халықаралық қызметке тағайындалуы отандық дзюдо мектебінің беделі жоғары екенін, әскери спорт жетістіктерін және Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығындағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

IJF президенті Мариус Визер тағайындауға қатысты пікір білдіріп:
“Арман Әбеуов дзюдоның әлемдегі әскери және мемлекеттік құрылымдарға бере алатын құндылықтарын айқын көрсетеді. Оның тәжірибесі, көшбасшылық қасиеттері және дзюдоға деген өмірлік адалдығы біздің әскери және полиция комиссиясының қызметін одан әрі дамытуға маңызды үлес қосады”, – деді.

Арман Әбеуов – дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, сондай-ақ Абу-Даби мен Лас-Вегаста өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионаттарының жүлдегері.

Оның кәсіби жолы практикалық тәжірибені, басқарушылық даярлықты және спорт пен әскери қызмет саласындағы көпжылдық еңбекті ұштастырады. Құқықтану, қаржы және әскери спорт салаларындағы білімі ұлттық және халықаралық деңгейдегі міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Арман Әбеуовтің тағайындалуы Қазақстанның дзюдо мен спортты дамытуға қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалуы ретінде бағаланып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және отандық спорттың беделін әлемдік аренада арттыруға қосымша серпін береді.