Әскери көшбасшылық мектебі: Алматыда тәрбиеші офицерлер жиыны өтіп жатыр

Әскери көшбасшылық мектебі: Алматыда тәрбиеші офицерлер жиыны өтіп жатыр

  Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында тәрбиеші офицерлер бас қосты. Іс-шараның өту барысын Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков тексерді.

  Оқу жиынына екі жылдық қызметке шақырылған тәрбие құрылымдарының офицерлері тартылған. Олар «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарынан, Десанттық-шабуылдау әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінен және Құрлық әскерлеріне тікелей бағынысты бөлімдерден жиналып отыр.

Генерал-майор Асқар Мұстабеков қазіргі тәрбиеші офицердің тек тәлімгер ғана емес, әскери қызметшілердің жауапкершілігін, тәртібін және Отан алдындағы борышқа адалдығын қалыптастыратын көшбасшы екенін атап өтті.

– Олардың кәсіби біліктілігі мен жеке үлгісі бөлімнің ауызбіршілігі мен жауынгерлік дайындығына тікелей әсер етеді, - деді ол.

Жиын барысында тәжірибелі мамандар мен оқытушылардың ұйымдастыруымен түрлі тренингтер, дәрістер мен практикалық сабақтар өтіп жатыр. Бағдарлама командирлердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, коммуникация дағдыларын жетілдіруге және заманауи ақпараттық-тәрбие технологияларын қолдануға бағытталған.

Қатысушылар әскери ұжымдағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту жолдарын, сондай-ақ жеке құрамды патриоттық рухта тәрбиелеу әдістерін меңгеруге машықтанады.

Сонымен қатар моральдық-психологиялық қамтамасыз ету, жанжалдардың алдын алу және әскери қызметшілердің қызметке деген ынтасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиын бағдарламасы қазіргі заман талаптары мен әскери қызмет ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Алынған білім мен тәжірибе тәрбиеші офицерлерге әскери тәртіпті күшейтуге, ұжым бірлігін нығайтуға және сарбаздардың жоғары адамгершілік әрі патриоттық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.