Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің рухына тағзым ету рәсімі өтті

Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің рухына тағзым ету рәсімі өтті

Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және әскери қайраткер армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.

Рәсімге қатысушылар аты аңызға айналған қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі әрдайым ерлік, отансүйгіштік және Отанға адал қызмет етудің символы болып қала беретінін атап өтті.

– Ол кісі Қазақстан армиясының құрылуының бастауында тұрды. Бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады. Оның өмір жолы жас ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің, әскери ар-намыстың және борышқа адалдықтың үлгісі болып табылады, – деп атап өтті ол.

Осындай іс-шаралар тарихи жадты сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастардың елдің ерлікке толы өткеніне деген құрметін тәрбиелеуге ықпал етеді.